«ТҮЙМЕ ҚЫЗ» анықталды
Қоянды орта мектебіндегі жазғы демалыс
аясында «Еркетай» лагерінде балаларға арналған түрлі ойын-сауықтық, мәдени
шаралар өтті. Соның бірі – кішкентай қыздардың арасында ұйымдастырылған «ТҮЙМЕ
ҚЫЗ» байқауы.
Мектебіміздің 2016-2017 оқу жылындағы
«Еркетай» лагерінде биыл І кезең бойынша 12 топ құрылған болатын. «ТҮЙМЕ ҚЫЗ»
байқауына, міне, осы 12 топтан ұсынылған 12 бүлдіршін қатысты. Шараға «Балапан»
тобы ұйытқы болды. Байқау сайыс түрінде жүргізілді.
Қазақ халқы
қашаннан қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, оның өнерлі, пысық, сұлу,
инабатты болып өсуіне айрықша ықылас танытқан. Байқауымыздың да басты мақсаты –
қыздарымыздың бойына кішкентайынан-ақ қазақы тәрбие сіңіре отырып, өнерге
баулу, дарындарын ұштап, жетістікке ынталандыру болды.
Байқаудың негізгі
шарты түйме түрлерінің тігістерін көрсету болатын. «Шеше көрген тон пішер» демекші, «Еркетайдың» сұлулары аналарынан
үйренген өнерлерін ортаға салды. Түйменің түр-түрін тігіп, өз білгендерін паш
етті.
Әрине,
жарысқа түскендердің ішінде осалы жоқ. Бірінен-бірі өткен әдемі қыздарымыз бар
өнерлерін көрсетті. Дегенмен, «жарыс болған жерде жеңіс, ал жеңіс бар жерде
жеңіліс болады» деген бар. Сөйтіп, байқау қорытындысында 12 топтың ішінен
суырылып шыққан «Балапан» тобының оқушысы Қалдар Диана бас жүлдені жеңіп,
«ТҮЙМЕ ҚЫЗ» атанды. «Гүлдер» тобының оқушысы Ізтелеуқызы Мәрмәр І орын иеленді.
2 орынды «Барыс» тобының оқушысы Орынбай Нұрай, 3 орынды «Қызғалдақ» тобының
оқушысы Бухат Аяжан иеленді. Қалған қыздарымыз түрлі номинациялар бойынша
марапатталды.
Алтын Битикова, «Балапан» тобының тәрбиешісі